«Ақмола облысы білім басқармасының Щучинск қаласының «Білім - инновация» IT лицей-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "IT лицей-интернат «Білім - инновация» города Щучинск управления образования Акмолинской области"

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Лицей туралы

   

    «Білім-Инновация» (бұрынғы «KATEV») халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында екі елдің Президенттері Н.Ә. Назарбаев пен Т. Өзалдың тікелей қолдауымен құрылған.

    «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ басқаруында: 27 мемлекеттік лицей, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжі, Мемарандум негізінде 3 мектеп (Атырау, Құлсары және Экібастұз қалаларында).

    Ал, «Білім-Орда» ХҚҚ басқаруында:  3  жекеменшік мектеп,  2 халықаралық (SPEСTRUM»  мектебі (Астана қ.) мен  «GALAXY INTERNATIONAL» (Алматы қ.)),  Сүлейман Демирел университеті және Сүлейман Демирел колледжі (Алматы қ.).

    Осыған дейін елімізге «Қазақ-түрік лицейлері» деп танылған білім ордалары Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, «ребрендинг» жасалып, «Білім-Инновация» лицейлері болып өзгертілді.

    1992 жылы ашылған бұл лицейлер 25 жыл бойы үш тілде заманауи білім берумен қоса жаһандану дәуіріне сай озық үлгідегі оқыту жүйесімен Қазақстан білім кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастыруда.

    Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтің «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолдап, оны білім беру саласында тиімді қолданып келеміз. «Білім-Инновация» лицейлерінде (бұдан кейін БИЛ) жаратылыстану бағатындағы пәндерді (атап айтқанда: математика, химия, физика, биология және информатика пәндері) ағылшынша оқыту бойынша EMI (English as Medium of Instruction) жүйесінің 25 жылдық тәжірибесі қалыптасқан. Әлемнің 60-тан астам мемлекетінде қолданылып жатқан EMI жүйесі ең алғаш БИЛ арқылы еліміздің білім беру саласына енді.

    “Білім-Инновация” ХҚҚ-ның бас офисі
«Білім-Инновация» лицейлеріне 6 сынып бітірген оқушылар 7- сыныпқа қабылданады. Қабылдау емтиханы 2 кезең бойынша өткізіледі. Тест сұрақтары негізінен логикалық сұрақтар мен 6-сынып бағдарламасына негізделген математика, қазақ тілі және қазақстан тарихы пәнінен дайындалған сұрақтардан құралады. Ауылдық елді мекендердегі дарынды балалардың да лицейге түсуге мүмкіндігі болуы үшін, олар ағылшын тілі пәні бойынша емтиханнан босатылады.

    2018-2019 оқу жылының қабылдау конкурсына 26460 үміткер қатысты. 7-сыныпқа 1674 оқушы қабылданды.

    БИЛ-де жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқыту үшін ағылшын тілінде жазылған әлемдегі танымал ғылыми еңбектер қоры (университет оқулықтары, электронды кітаптар, ғылыми мақалалар, т.б.) жинақталған.

    Алғашқы лицейлер ашылған кезде ағылшын тілі мен бейінді пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін шетелдік педагогтар тартылды. Түркиядан келген мұғалімдер педагог кадрларының 90 %-ын құрады. 1997 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін шетелдік мамандарды қазақстандық педагогтармен алмастыру саясаты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

    Лицейлерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білетін оқушылар тәрбиешілерге көмекші ретінде қабылданды. Оқуды бітіргеннен кейін олар ағылшын тілінде оқытатын алғашқы мұғалімдер болды. Бүгінгі таңда ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер саны 1260 болса, соның 86%-ы жергілікті мамандар. Ал шетелдік ұстаздар қазақ тілін жақсы меңгеріп, Қазақстанның білім беру жүйесіне сай өз міндеттерін атқарып жүрген азаматтар.

    Біздің мақсатымыз – еліміздің Білім және ғылым министрлігінің тікелей басшылығымен жасалып жатқан білім стандарттарын жүзеге асырып, инновация арқылы білім сапасын көтеру. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Кенжеғалиұлының тапсырмасымен БИЛ мұғалімдерінен құралған авторлар тобы еліміздің білім беру жүйесінің дамуына арналған ағылшын тіліндегі оқулықтарды 6 ай уақыт аралығында дайындады. Оқулықтар – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ағылшын тіліндегі заманауи оқу құралдары болып табылады.

    ҚР БҒМ қолдауы және Қорлардың ұйымдастыруымен Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оны дамыту, әрі Қазақстанның «жарқын болашағы» үшін аянбай қызмет ететін ұлтжанды жастарға қолдау көрсету мақсатында 2009 жылдан бастап, қазақ және орыс тілінде оқытатын орта мектептердің 7-11 сынып оқушылары үшін қазақ тіліндегі «Жарқын Болашақ» республикалық олимпиадасы өткізіліп келеді. Жыл сайын 1000-нан астам мектептен 5000 мыңға жуық оқушы қатысып келеді. Қазірге дейін ана тіліміздің мәртебесін асқақтатып, ұлттық болмысымызды жандандыру үшін ұйымдастырылған олимпиада жеңімпаздарына СДУ және басқа да ЖОО-ынан білім гранттары бөлінеді. Сондай-ақ, жыл сайын «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры мектеп көшбасшыларының (мектепте өзін-өзі басқару ұйымы) конгресін, жасөспірімдер арасында республикалық футбол және қыздар арасында республикалық волейбол жарысын, көңілді тапқырлар лигасын, шахмат, үстел теннисі және тоғыз құмалақ жарысын және «Қазақ аруы» байқауы секілді іс-шараларды республикалық деңгейде өткізіп келеді.

Тәрбие жұмысының негізгі бағыттары

    Лицейлердің тәрбие жұмысының мақсаты: тәрбие жұмысында оқушылардың негізгі құзыреттерін қалыптастыру және жүзеге асыру. Лицейлердегі тәрбие жұмысының жоспары Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі білім беру тұжырымдамасына, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына, «Қазақстан-2050» Стратегиясына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес 8-бағыт бойынша жасалған.

    Жыл сайын мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің әдістемелік семинарлары мен нұсқаулық әдістемелік кездесулері өткізіледі.

    Лицей жұмысының мониторингін жүргізген кезде, сынып жетекшілердің тәрбиелік жұмыс жоспарының жүзеге асуы және мектеп формасының сақталуы басты назарға алынады. Сыныптан тыс, сабақтан кейінгі іс-шаралар, сабақтар (оқу компоненті бақыланатын) тексеріледі, толық талдау жасалынып, ұсыныстар беріледі.

    Лицейлерде домбыра, гитара, хореография, фотодизайн, қолөнер бұйымдары, аспаздық, теннис, волейбол, баскетбол, футбол, шахмат, еркін күрес, джиуджитсу (күрес), каратэ до, макеттерді жобалау және ғылыми зерттеу жұмыстары бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

    9124 оқушы мектептен тыс шаралармен қамтылған, яғни, 85%-ын құрайды.

    Лицейлерде оқушылардың патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Патриоттық сезімді оятуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Лицей оқушылары туған жер тақырыбындағы түрлі шығарма, өлең шығару, сурет салу, бейнефильм түсіру секілді конкурстарға қатысып, қалалық, республикалық және халықаралық жарыстардың лауреаттары аталып жүр.

    Лицейлерде әр оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасып, дамуына кең мүмкіндіктер қарастырылған. Лицейлер дарынды балаларды іріктеп, оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілеттерінің деңгейін анықтап, қызығушылығын дамытады және мектеп оқушыларын конкурстарға, ойындарға, викториналарға қатыстырады.

    Лицейлерде салауатты өмір салтына, спорттық-сауықтыру іс-шараларына ерекше назар аударылып, түрлі іс-шаралар өткізіледі. Жас ұрпақты тәрбиелеуде және одан әрі жетілдіруде мектеп және отбасы қауымдастығы маңызды рөл атқарады. Ата-аналар қауымдастығы лицей өміріне белсенді қатысады. Ата-аналардың қатысуымен спорттық жарыстар мен отбасылық марафондар жиі өткізіледі. Сондай-ақ, лицейлерде ата-аналар академиясы құрылған. Академияның мақсаты – балаларды тәрбиелеу бойынша практикалық кеңестер беру.

    Ата-аналар, қоғам қайраткерлері, әртүрлі мамандықтардың өкілдері жеке сабақтар өткізуге арнайы шақырылады.

    Әрбір тоқсанның соңында барлық лицейлерде педагогикалық кеңес өткізіледі, онда әрбір ата-ана мұғалімдермен кездесіп, өз балалары туралы толық ақпарат ала алады.    

Жаңартылған күні: 19.01.2021 19:31
Құрылған күні: 25.11.2021 16:55

Текст